Аңдатпа
Жаһандық экономиканың жедел цифрлану жағдайында құрылымдық өзгерістер орын алып, цифрлық инфрақұрылым негізгі стратегиялық ресурсқа айналуда. Ол тек инновациялардың технологиялық базасы ғана емес, сонымен қатар ұлттық бәсекеге қабілеттіліктің, егемендіктің және қауіпсіздіктің маңызды факторы болып табылады. Сондықтан да цифрлық инфрақұрылымды мемлекеттік реттеу мәселелері айрықша өзектілікке ие болып отыр, бұл жаһандық үрдістермен қатар Қазақстанда іске асырылып жатқан ұлттық стратегиялармен де дәлелденеді. Зерттеу нәтижелері екі негізгі бағытты қамтиды. Біріншіден, жарияланымдарға жүргізілген библиометриялық талдау (Scopus, 2008–2025 жж.) «government regulation» және «digital infrastructure» ұғымдарының үйлесіміне арналған еңбектердің саны тым шектеулі екенін көрсетті. Бұл аталған тақырыптың академиялық дискурста жеткілікті деңгейде ашылмағанын білдіреді. Сонымен бірге «digital» және «digitalization» негізгі терминдері бойынша жарияланымдардың тұрақты өсу динамикасы 2009 жылдан бастап байқалады, ал 2018 жылдан бері «мемлекеттік реттеу – цифрландыру – тұрақты даму» байланысына қызығушылықтың күрт артуы байқалды. Бұл осы салада дербес ғылыми бағыттың қалыптасып, белсенді даму кезеңінде екенін дәлелдейді. Екіншіден, талдау Қазақстанның цифрландыруда айтарлықтай ілгерілеуін көрсетті: мемлекеттік қызметтердің едәуір бөлігі қазірдің өзінде электрондық форматта ұсынылады, мобильді сервистер мен интеграциялық платформалардың мүмкіндіктері кеңеюде. Халықаралық индекстер елдің позициясының нығая түскенін көрсеткенімен, цифрлық теңсіздік, қызметтерге деген сенім деңгейі және кибертұрақтылық мәселелері секілді бірқатар сын-қатерлер сақталуда. Мақаланың ғылыми жаңалығы цифрлық инфрақұрылымның көпқабатты мемлекеттік реттеу нысаны ретінде қарастырылуында. Ол желілік, платформалық, институционалдық және әлеуметтік деңгейлерді біріктіреді. Мұндай тәсіл қолда бар нәтижелерді жүйелеуге ғана емес, сонымен қатар цифрлық трансформация жағдайында неғұрлым кешенді әрі тиімді реттеу стратегияларын әзірлеуге бағытталған жаңа зерттеу бағыттарын ұсынуға мүмкіндік береді.
