Аңдатпа
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша жазатайым оқиғалардың алдын алу көптеген мемлекеттердің ең маңызды мәселелерінің бірі болып табылады. Жазатайым оқиғалар адами ресурстардың шығынына, яғни еңбекке жарамсыздық, адамның әлеуметтік жағдайының, өмір сапасының нашарлауына және мезгілсіз өлімге әкеледі. Сонымен қатар, нашар еңбек жағдайлары нәтижесінде әрбір болған жазатайым оқиғаның мемлекетке үлкен материалдық зияны тиеді.
Бұл мақаланың басты мақсаты – Қазақстан Республикасының экономика салаларында жұмыс жасайтын жұмыскерлердің еңбек жағдайына байланысты жазатайым оқиғалар бойынша статистикалық мәліметтерге талдау жасау, жазатайым оқиғалардың негізгі факторлары мен себептерін қарастырып, алдын алу бағыттарын негіздеу.
Зерттеу әдісі ретінде танымдық әдіс, статистикалық талдау мен синтез әдісі қолданылды. Жазатайым оқиғалар бойынша отандық және шетелдік ғылыми еңбектерге шолу жасалып, ғылыми дереккөздерге талдау жүргізілді.
Зерттеуде қауіпті өндірістік факторлар мен жазатайым оқиғалардың себептерін талдау негізінде өндірістегі жұмыскерлердің өлім және ауыр жарақаттану тәуекелдерін төмендету жөніндегі ұсыныстар берілді, атап айтқанда авторлар еңбек жағдайын жақсарту, жұмыскерлердің еңбек қауіпсіздігі туралы білімін арттыру, өндірісте қолданатын жабдықтардың сапасын жақсарту және еңбек тәртібін күшейтуді ұсынады.