Аңдатпа
Жоғары білім берудің тиімділігі адами капиталдың дамуы, инновациялар мен ғылыми зерттеу жұмыстарын ынталандыру, халықаралық деңгейдегі бәсекеге қабілеттілік, кәсіпкерліктің дамуы сияқты бірқатар механизмдер арқылы экономикалық өсуге әсер етеді. Ал ел экономикасының даму үдерісін жоғары білім нарығының тиімді жұмыс істеуімен байланысын анықтау үшін ең алдымен оның тиімділік факторларын анықтап, осы факторлардың экономикалық дамуға әсерін қарастыру маңызды.
Бұл мақалада жоғары білім беру тиімділігіне әсер ететін факторлар анықтала отырып, осы факторлардың сандық мәндері Қазақстан Республикасының ресми статистикасы негізінде 2000-2022 жылдар кезеңі аралығында келтірілген. Жоғары білім облысындағы зерттеу жұмыстары мен теорияларға негізделе отырып, жоғары білімнің тиімділігіне әсер ететін сыртқы (экономикалық, әлеуметтік-демографиялық, саяси-құқықтық), аймақтық, салалық (құрылымдық, ресурстық, нәтижелік) факторлары анықталды. Сонымен қатар, регрессиялық анализ негізінде аталған факторлардың жалпы ішкі өнімге (ЖІӨ) әсері анықталып, байланыс модельдері құрылды. Зерттеу нәтижелері жоғары оқу орындарында тиімді жұмысты қамтамасыз ете отырып, экономиканы басқару органдары үшін пайдалы болуы мүмкін.
Түйін сөздер: жоғары білім берудің тиімділік факторлары, жалпы ішкі өнім, мемлекеттік шығындар, жоғары оқу орындары, құзіретті түлектер.