##article.abstract##
Мақалада Қазақстан Республикасының шағын бизнес кәсіпорындарына қатысты мемлекеттік салық саясаты мен бухгалтерлік есеп жүргізу жүйесін ұйымдастыру арасындағы тығыз өзара байланыс жан-жақты зерттеледі. Зерттеу барысында Қазақстандағы негізгі арнайы салық режимдерінің (АСР) есеп жүргізу әдістерін таңдауға, кәсіпорындардың есеп саясатын қалыптастыруға және қаржылық есептілік құрамына тікелей әсері терең талданды. Бұл байланыс әкімшілік жүктемені және салық тәуекелдерін басқарудағы рөлімен ерекшеленеді. Ерекше назар 2025 жылдың 18 шілдесінде қабылданған жаңа Салық кодексіне аударылған. Жаңа салық кодексіндегі негізгі өзгерістер: дифференцияланған салық мөлшерлемелері, прогрессивті ЖТС (жеке табыс салығы) мөлшерлемелері, ҚҚС-ты реформалау, «Сән-салтанат салығын» енгізу, арнайы салық режимдерін өзгерту, салықтық жеңілдіктерді алу үшін ашық әрі нақты ережелерді әзірлеу, салықтық әкімшілендіруді цифрландыру, сервистік модельге көшу, салықтық есеп беру нысандарын 30%-ға қысқарту. Бұл жаңа кодекстің 2026 жылдың 1 қаңтарынан бастап Қосылған құн салығы (ҚҚС) бойынша енгізілетін өзгерістері және оның шағын кәсіпкерлік субъектілері үшін ықтимал салдары мен жаңа міндеттемелері айқындалды. Сондай-ақ, шағын кәсіпкерлік субъектілерде жиі өзгеріп отыратын салық заңнамасына байланысты туындайтын операциялық және әкімшілік мәселелер нақтыланды.
Жүргізілген зерттеу негізінде, шағын кәсіпорындар үшін әкімшілік жүктемені жеңілдетуге және есептік ақпараттың сенімділігін арттыруға бағытталған есеп жүргізу жүйесін жетілдірудің нақты бағыттары мен цифрлық шешімдерді енгізу ұсынылды. Бұл ұсыныстар салық заңнамасының тұрақты өзгерістері жағдайында кәсіпорындардың қаржылық тұрақтылығын сақтауға мүмкіндік береді, инвестициялық тартымдылықты арттырады.
