Аңдатпа
Дамыған елдерде де, дамушы елдерде де шағын және орта бизнес (ШОБ) экономикадағы динамизмнің, инновацияның және икемділіктің қайнар көзі болып табылатыны кеңінен қабылданған. ШОБ әдетте инновация мен еріктілікке негізделген экономикалық қызметінде тәуекелге барады. Бұл мүмкіндік арқылы ШОБ бәсекелестіктің артуына және тауарлар мен қызметтерді жеткізуді кеңейту арқылы тұтынушылар үшін кең таңдау ортасын құруға ықпал етеді. Алайда, ірі компаниялармен салыстырғанда олардың салған инвестициясы мен алған тәуекелі үшін қысқа мерзімде жеткілікті пайда табуға мүмкіндіктері жоқ. Бұл жағдайда ШОБ субъектілеріне басқа бизнеске қарағанда артықшылықты қолдау көрсетіледі, сондықтан осы бизнес үшін арнайы саясаттар әзірленеді және енгізіледі. Шағын және орта бизнесті дамыту Қазақстанның экономикасын жаңғырту үшін өте өзекті болып табылады. Бірақ бүгінде Қазақстандағы шағын және орта бизнестің даму деңгейі әлемнің басқа, экономикалық дамыған және кейбір дамушы елдерінен айтарлықтай артта қалуда. Мемлекет тарапынан шағын және орта бизнеске қаржылық қолдау көрсету бойынша кемшіліктер бар. Осы факторларды ескере отырып, бұл мақаланың мақсаты шет елдердегі шағын және орта бизнес тәжірибесін сараптап, талдау болып табылады. Зерттеу барысында жалпылау, талдау және синтез, салыстыру және графикалық бейнелеу әдістері қолданылды. Шетелдік тәжірибені талдау және зерттеу Қазақстанның мемлекеттік органдарына кәсіпкерлікті қолдаудың түрлі бағдарламаларын жасауға мүмкіндік береді. Экономикасы дамыған және кейбір дамушы елдерде шағын және орта бизнестің дамуы Қазақстанға қарағанда тезірек және белсенді түрде жүріп жатыр. Бұл, ең алдымен, елдердің билігінің кәсіпкерлікке орасан зор қолдау көрсетуімен байланысты: олар нормативтік-құқықтық актілер мен бағдарламалар әзірлейді, жеңілдіктер мен несиелер береді, экономиканың осы саласына үлкен мән беріп, назар аударады.